23.07.2024 | 16:12

БАТЫРХАН ТӨЛЕУҒАЛИ МЕН САМИРХОН АБАБАКИРОВ БУДАПЕШТЕ ДАЙЫНДАЛЫП ЖАТЫР

Таеквондодан Париж Олимпиадасы лицензиясының иегерлері – Самирхон Абабакиров (58 кг) пен Батырхан Төлеуғали (80 кг) бұл күндері олимпия ойындары қарсаңындағы дайындықты Мажарстан астанасында пысықтап жүр, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

«Команда Будапешке Италиядағы таудағы оқу-жаттығу жиынынан шығып, 20 шілдеде барды. Бұл соңғы кезеңіміз 4 тамызға дейін созылады. Осы жиында бізбен бірге Мажарстан, Германия, Украина мен Иран спортшылары болады. Осы тұста 58 кг салмақтағы біздің Самирхон мен мажар таеквондошысы бөлек залда, жаттығатынын айта кеткім келеді. Бапкерлер осындай келісімге келді.

Қазір команданың көңіл-күйі көтеріңкі. Физикалық жағынан дайын. Бұл жиында спарингтер көп болмайды. Бас бапкер мен аға жаттықтырушылар Самирхонның салмағын реттеу жағына, ал Батырханның тактикалық тұрғыдан дайындық жұмысына басымдық береді»,-деді Қазақстан таеквондо федерациясының бас хатшысы Олжас Беспаев Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, қос отандасымыз Парижде алғаш рет Олимпиадаға қатысады.

Батырхан Төлеуғали 2006 жылғы 25 шілдеде Аягөз қаласында дүниеге келген. Қазіргі жеке бапкері – Мерхат Болатханов. Жетістіктері – жастар арасындағы Азия чемпионының қола жүлдегері (Вьетнам, 2022 жыл), жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері (Болгария, 2022 жыл), жастар арасында G1 Austria Open турнирінің жеңімпазы (Инсбурк, 2022 жыл), жастар арасындағы Қазақстан чемпионы (Алматы, 2022), жастар арасында G1 Turkish Open турнирінің жеңімпазы (Анталья, 2023 жыл), жасөспірімдер арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері (2023 жыл), ҚР-ның VI жазғы Спартакиадасының жеңімпазы (Астана, 2023 жыл).

Самирхон Абабакиров 2003 жылғы 26 қыркүйекте Шымкент қаласында дүниеге келген. Қазіргі жеке бапкері – Нұрсұлтан Мамаев. Жетістіктері – G-1 Turkish Open турнирінің күміс жүлдегері (Анталья, 2024), G-1 Austrian Open турнирінің күміс жүлдегері.(Инсбурк, 2024), G-1 Slovenia Open турнирінің жеңімпазы (Любляна, 2023), G-1 Fujairah Open турнирінің қола жүлдегері (2023), G-1 Belgian Open турнирінің жеңімпазы (Ломмель, 2022), G-1 Beirut Open турнирінің жеңімпазы (2021), жастар арасында German Open турнирінің жеңімпазы (2019), ҚР-ның VI жазғы Спартакиадасының жеңімпазы (Астана, 2023 жыл), Қазақстан Кубогының қола жүлдегері (Түркістан, 2023 жыл).

БІЗДІҢ СПОРТШЫЛАР ДАЯНГҚА ҚАШАН ШЫҒАДЫ?

Самирхон даянгқа 7 тамызда шығады. Осы күні 58 (ерлер) бен 49 кг (әйелдер) салмақтағы іріктеу мен финал жоспарланған. Ал Батырхан 9 тамызда бақ сынайды. Парижде таеквондо бәсекесін 1900 жылы негізі қаланған «Гран-Пале» сарайы 7-10 тамыз аралығында қабылдайды. Кешенге барлығы 8 мың жанкүйер сияды. Осы жолы 60 мемлекеттің 134 таңдаулы даянг шебері 8 салмақта (ерлер 4, әйелдер 4) кім мықтыны анықтамақ. Ең көп спортшыны Қытай қосады (6 таеквондошы). Одан кейін Түркия (5) мен Өзбекстан (5) тұр.

Суреттер: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес