14.04.2023 | 21:14
Бөлісу:
Дархан Есенғали мен Азамат Дәулетбеков Азия чемпионатында топ жарды
Еркін күрестен Қазақстан құрамасы Астана қаласында өткен Азия чемпионатында жалпы есепте 1-орын алды. Мадияр Құрамысов баптайтын балуандар еншісінде 7 жүлде (4 алтын, 2 күміс, 1 қола) бар. Осыған дейін күрестің бұл түрінен құрлық бәсекесінің финалында 6 отандасымыз күреспеген. Бұл еркін күрестен Ұлттық құраманың сары құрлық додасындағы ең жақсы көрсеткіші.
Бүгін Дархан Есенғали (74 кг) финалда жапониялық Кирин Киношитаны ұпай санымен ұтты. Қазақстандық күндіз 1/8-де сингапурлық Хонг Луды, ширек финалда қырғызстандық Әділет Жапарқұловты сенімді жығып, келесі кезеңге жолдама алған. Ал жартылай финалда Бахрейн атынан сынға түсетін Магамедрасул Аслуевты ұпай санымен жеңді. Айта кетейік, Дархан биыл ақпанда Алматыдағы ҚР-ның VI жазғы Спартакиадасында топ жарды. Төрт жылда бір өтетін бұл сында ол осы салмақтағы көшбасшы Нұрқожа Қайпановты, ал финалда Нұрлан Бекжановтан айласын асырған.
Сосын, Азамат Дәулетбеков ирандық Əлиреза Карими Маханидің осал тұсын тауып, 2 дүркін Азия чемпионы атанды. Отандасымыздың бүгінгі қарсыласы Əлиреза Əлем чемпионатының 3 дүркін жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, 2 дүркін Азия чемпионы деген атағы бар.
Жалпы Азамат финалға дейін қатты қиналған жоқ. Өзбекстандық Бобур Исломов пен Сингапурдан келген Вэн Луенді атой салып ұтты. Былтырғы және биылғы алтыннан бөлек, Азаматтың қоржынында құрлық додасының тағы 1 күміс, 1 қола медалі бар.
Өкінішке қарай, отандасымыз Ризабек Айтмұхан (92 кг) финалда жапониялық Араш Йошидаға есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болды. 19 жастағы қазақ балуаны жартылай финалда Бахрейн намысын қорғайтын Магомед Шариповты, ширек финалда қырғызстандық Мирлан Шыныбековті жықты.
Чемпионаттың соңғы кездесуінде аса ауыр салмақтағы Жүсіп Батырмурзаев моңғолиялық Елхагвагеріл Мунктхурмен күресті. Бұл белдесуде кейінгі 2 əлем чемпионатының жүлдегері (Ослода қола, былтыр Белградта күміс алған) Елхагвагерілдің мерейі үстем түсті.
Кеше еркін күрестен Санжар Досжанов (70 кг) пен Болат Сақаев (79 кг) алтыннан алқа тақты. Ал бір жыл бұрын Моңғолияда финалда күрескен Рахан Қалжан (57 кг) биыл қоланы қанағат тұтты. Былтыр Ұлан-Батырдағы чемпионатта еркін күрестен Қазақстан құрама 1 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль жеңіп алған.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықТАРИХИ СӘТ! НҰРҚОЖА ҚАЙПАНОВ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
ДӘУЛЕТ ЕРГЕШ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕ ТАЛАСАТЫН МҮМКІНДІК АЛДЫ
ТАРИХИ СӘТ! РИЗАБЕК АЙТМҰХАН 3 ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ