30.10.2023 | 06:27
Бөлісу:
Каратэшілер үшін тарихи әлем чемпионатына шолу
Мажарстан астанасы Будапештегі WKF каратэден әлем чемпионаты Қазақстан үшін тарихи нәтижемен есте қалды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Кумите бағдарламасында 50 кг дейінгі салмақта Ұлттық құрама спортшысы Мөлдір Жаңбырбай ешкімге дес бермеді. Ол финалда тәжірибелі италиялық Эрминия Перфеттоға еш мүмкіндік берген жоқ.
Мөлдір жартылай финалда әлем рейтингінің көшбасшысы Салазар Йоргелисті (Венесуэла) айқын басымдықпен тізе бүктіріп, сенсация жасаған. Ал оған дейін Ханчжоудағы Азия ойындарының күміс жүлдегері 3-секцияда Алжир, Жапония, Словакия каратэшісін қапы қалдырған. Бұл салмақта Будапеште 56 елдің таңдаулы атлеті күш сынасты.
Мөлдір спорттың осы түрінен ересектер арасында әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ. Осыған дейін 2008 жылы Дархан Асаділов финалға жетіп, қарсыласына есе жіберген.
Ал ақтық айқасқа шыққан тағы бір отандасымыз Қайсар Алпысбай (60 кг) грекиялық Христос-Стефанос Ксеностан жеңіліп, күміс жүлдеге қол жеткізді. Қазақ спортшысы жартылай финалда Анджело Крешенцоны (Италия) жеңген. Ал іріктеуді 2-айналымнан бастап, Иран, Ресей, Сенегал және Словакия татами шеберінен айласын асырған. Бұл салмақта 74 елдің үздік спортшысы сынға түсті.
Сондай-ақ 67 кг дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Дидар Әмірәлі Йордания спортшысы Афиф Гаитті жеңіп, қолаға қол жеткізді. Әлемдік доданы алғашқы топта бастаған Дидар Мажарстан, Армения, Марокко мен Әзірбайжан спортшысынан мықты болған. Жартылай финалда Олимпиада чемпионы, осымен 3 дүркін әлем чемпионатының жеңімпазы Стивен да Костаға (Франция) жол берген. Бұл салмақта 71 елден спортшы өзара жүлдеге таласты.
Осы кеште қола жүлдеге таласқан отандасымыз Софья Берульцева италиялық Клио Ферракутимен тең тарқасқан (4-4). Қарсылас тек ұпайдың сапасы жағынан басым түсті. Әйелдер арасында аса ауыр салмақта (+68 кг) 56 мемлекеттен каратэші жиналды.
Командалық сында еліміздің ерлер және әйелдер құрамасы қола жүлде үшін жекпежек өткізіп, екеуі де 4-сатыдан көрінді. Ерлер Франция (2-3), әйелдер Косовоға (0-2) есе жіберді.
Қазақстан құрамасы жалпы есепте 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медальдің арқасында 5-орын алды. Бұл тарихи көрсеткіш екенін айта кеткен жөн.
Анықтама: Осыған дейінгі әлем чемпионаттарында Қазақстан қоржынында 1 күміс пен 10 қола жүлде болған.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: