12.10.2022 | invalid
Бөлісу:
Қазақстан құрамасы үшін дзюдодан Ташкенттегі Әлем чемпионатының жекелей сыны аяқталды
Бүгін татамиге шыққан аса ауыр салмақтағы Ерасыл Қажыбаев (+100 кг) пен Камила Берліқаш (+78 кг) алғашқы белдесуінде ұтылды, деп хабарлайды kazsports.kz.
Камила алғашқы айналымда нидерландтық Марит Компсқа, Ерасыл 2-кезеңде өзбекстандық Әлішер Юсуповқа есе жіберді.
Бұдан бөлек, Ташкентте сынға түскен Мағжан Шамшадин (60 кг), Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Данияр Шамшаев (73 кг), Абылайхан Жұбаназар (81 кг), Дидар Хамза (90 кг), Ислам Бозбаев, Шархан Нұрлыхан (100 кг), Гаухар Ирмағамбетова (52 кг), Севара Нышанбаева (57 кг), Мөлдір Нарынова, Есмигүл Куюлова (63 кг), Анастасия Маякова (70 кг), Аруна Жангельдина (78 кг) жүлдеге таласа алмады.
Жалпы есепте Қазақстан 2 қола медальдің арқасында 17-сатыдан көрінді. Қос жүлдені доданың алғашқы күні Елдос Сметов (60 кг) пен Әбиба Абужақынова (48 кг) жеңіп алды.
Осы орайда Әбиба Абужақынова қазақ қыздары арасынан Әлем чемпионатында медаль алған тұңғыш дзюдошы атанғанын айта кетейік. Ал Елдос Сметов Әлем чемпионатындағы 3-медалін мойнына тағып, қазақ дзюдосы тарихындағы ең олжалы спортшыға айналды.
Ұлттық құраманың осыған дейінгі 5 әлем чемпионатындағы көрсеткіші:
2021 жыл, Будапешт. Ғұсман Қырғызбаев (60 кг) күміс медаль.
2019 жыл, Токио – Елдос Сметов (60 кг) қола медаль.
2018 жыл, Баку – Ерлан Серікжанов (66 кг) күміс, Отгонцэцэг Галбадрах (48 кг) қола. Жалпы есепте 11-орын.
2017 жыл, Будапешт – Отгонцэцэг Галбадрах (48 кг) қола медаль. Жалпы есепте 16-орын.
2015 жыл, Астана – Елдос Сметов (60 кг) алтын, Рүстем Ибраев (60 кг) күміс. Жалпы есепте 4-орын.
Биыл Өзбекстан астанасында 82 елдің 24-іне медаль бұйырды. Бірінші орынды Жапония құрамасы алса, 2-орынға Бразилия жайғасты. Үздік үштікті жарыс қожайыны Өзбекстан түйіндеді.
Суреттердің авторы - Аян Төлеген.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықЕЛДОС СМЕТОВ ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ РЕТІНДЕ АЛТЫН ЖАПСЫРМА АЛДЫ
АҚТӨБЕДЕ ДЗЮДОДАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ ӨТЕДІ