05.11.2022 | invalid
Бөлісу:
Жарайсың! Әдемі Серікбай - жасөспірімдер арасындағы Әлем Кубогында жүлде алған тұңғыш қазақстандық
Бүгін Әдемі Серікбай Алматы қаласында өтіп жатқан семсерлесуден жасөспірім қыздар арасындағы Әлем Кубогының қола жүлдегері атанды.
16 жастағы қазақстандық 1/8 кезеңде түркиялық, ал ширек финалда өзбекстандық спортшыны 15-9 есебімен ұтты. Ал жартылай финалда кейіннен чемпион атанған оңтүстік кореялық Ким На Иеге есе жіберді. Бұған дейін қазақстандықтар жасөспірімдер арасында Әлем Кубогында жүлдегерлер қатарына кіріп көрмеген. Жалпы бүгінгі жекелей бәсекеге 10 елдің 50 спортшысы қатысты.
Айта кетейік, қазір Алматы елімізде алғаш рет семсерлесуден Әлем Кубогы өтіп жатыр. Жарыстың ресми ашылуына Спортты дамыту дирекциясының директоры Оралбай Жақсымбетов, Қазақстан семсерлесу федерациясының президенті Мирбулат Абуов, семсерлесуден Мемлекеттік жаттықтырушы Тимур Байтасов қатысып, жиналған спортышарға сәттілік тіледі.
«Бүгін бәріміз тартысқа, эмоцияға толы спорт түрі саналатын семсерлесуден жасөспірімдер арасындағы Әлем Кубогының басталуына куәгер болып тұрмыз. Мұндай деңгейдегі жарыс біздің елімізде алғаш рет өткелі жатқанын айта кету керек. Қазір Қазақстанда семсерлесу спортына деген қызығушылық артып жатыр. Бұған Ұлттық құрамамыздың Әлем және Азия чемпионатындағы айтулы көрсеткіштері серпін беріп келеді. Жерлестеріміз тұрақты түрде Олимпиадада өнер көрсетіп жүр.
Біздің осы жарыстан күтеріміз көп. Неге десеңіздер, турнирден кейін келесі жылғы Әлем және Азия чемпионатына қатысатын еліміздің жастар құрамасы жасақталады.
Десе де әсем қала Алматыға осы турнирге қатысу үшін 10 шақты елдің жас спортшылары жиналды. Бұл жүлдеге қол жеткізу оңай болмайтынын байқатады. Яғни, нағыз бабы мен бағы келіскендер ғана топ жарады, деген сөз.
Сөз соңында Әлем Кубогын жоғары деңгейде ұйымдастыруға қолдау көрсеткен ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ біздің демеушілеріміз «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» мен SportQory қамқоршылық қорына рақмет»,-деді Оралбай Жақсымбетов.
Ертең, Әлем Кубогының соңғы күні командалар арасында үздіктер атықталады. Онда Қазақстан, Болгария, Түркия, Оңтүстік Корея, Германия, Үндістан, Аустралия, Өзбекстан, Гонк-Конг, Грузия қыздары шеберлік байқасады.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалық«МЕМЛЕКЕТТІК ЖАТТЫҚТЫРУШЫ» ЖОБАСЫ: СЕМСЕРЛЕСУДЕ ҚАНДАЙ ЖАҢАЛЫҚ БАР?
СЕМСЕРЛЕСУДЕН БІЗДІҢ КОМАНДА 6-ОРЫНДА