05.12.2022 | invalid
Бөлісу:
Екатерина Айдова 4 құрлық чемпионатының Қазақстан қоржынына 6-жүлдені салды
Бүгін Канаданың Квебек қаласында конькимен жүгіруден ІІІ рет ұйымдастырылған 4 құрлық чемпионаты аяқталды. Соңғы жарыс күні Екатерина Айдова 1000 метрге жарыста күміс жүлдегер атанды. Екатеринаның көрсеткіші 1:16:191 секунд. Осылайша, ол осы 4 құрлық чемпионатындағы 2-медалін мойнына тақты. Кеше қазақстандық спортшы 1500 метрде отандасы Надежда Морозоваға есе жіберіп, күміс алған.
Бұл қашықтықта (1000 м) оңтүстік кореялық Мин Сон Ким (1:16:066) топ жарып, Квебектегі 2-алтынына (алдын 500 метрде) қол жеткізді. Үздік үштікті канадалық Беатрис Ламарш (1:17:393) түйіндеді.
Жарыстан соң Екатерина Айдова былай деді:
«Бұл қысқа қашықтықтың бірі. Ким бірінші айналымды өте жылдам сырғанап өтті. Бұл осы қашықтыққа керек қасиет. Алғашқы айналымды жақсы өтсеңіз, кейінгісі де солай болады. Мен жарысты бастағанда осы жағынан қателесіп жатам. Бұл жолы 2-айналымда өз позициямды тапқанда бұл Кимді басып озу үшін жеткіліксіз болды. Кей спортшылар, расымен мықты болады. Ал кейбіреулері техникаға көп иек артады. Мен үшін мұздың жылдам болғаны керек. Күшім көп емес. Сондықтан, техникаға басымдық беремін. Мен сияқты спортшылар үшін бұл мұз қатты болды».
Жалпы Қазақстан құрамасының конькишілері Квебек қаласындағы 4 құрлық чемпионатында 2 алтын, 4 күміс медальге ие болды. Алғашқы күні ерлер арасында 5000 метрге жарыста Виталий Щиголев, ал 2-күні 1500 метрге жарыста Надежда Морозова жеңімпаз атанды.
Надежда Морозова 3000 метрде күміс (4:05.51 секунд) алса, тура осындай нәтижені оның күйеуі Дмитрий Морозов 1500 метрде қайталады. Бұған тәжірибелі Екатерина Айдованың 1500 және 1000 метрдегі 2 күмісін қосыңыз.
Ұлттық құрама енді 9-11 желтоқсан аралығында Калгари (Канада) қаласында өтетін Әлем Кубогы кезеңіне дайындалады.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: