04.08.2023 | 12:06
Бөлісу:
Рекорд! Ханчжоудағы Азия ойындарына бәсеке тарихында ең көп спортшы жиналады
23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін XIX жазғы Азия ойындарында бақ сынайтын атлеттер саны анықталды, деп хабарлайды ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Азия Олимпиада кеңесіне (АОК) кіретін 45 елдің комитеті тіркеген спортшылардың саны 12 500-ден асып түсті. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Осыған дейінгі рекорд 2018 жылы Жакарта мен Палембангта өткен Азиадада тіркелген (11 300 адам). Тіпті, 2020 жылғы Токио Олимпиадасына мұнша спортшы қатыспаған. Барлығы Жапония астанасына 11 420 кәсіби атлет барып, күш сынасқан-ды.
Бұған тағы Ресей мен Беларусь атынан қатысатын 500 спортшыны қосыңыз. Есіңізге сала кетейік, екі мемлекетті сары құрлық Олимпиадасына қатыстыру жайлы шешім Бангкок қаласында осы айдың басында өткен АОК-тың Бас ассамблеясында қабылданған.
Ең көп делегация, әдеттегідей жарыс қожайыны Қытайда (600-ден астам адам). Одан кейін Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан, Гонконг бар.
Ал ойындарға арнап 3 миллионға жуық билет сатылымға шығады. Біразы 6 тамызға дейін онлайн сатылды. Ал 14 тамыздан бастап 8 қазанға дейін билеттер ареналардағы кассада болады. Танымал спорт түрлеріне бір адам 4 билеттен артық сатып ала алмайды. Қалған спортта бұл шектеу 6-аудан аспауы қажет.
Тағы бір мәрте айта кетейік, Азия ойындарында 40 спорт түрінен 61 бағдарламада 483 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жарыстар Ханчжоу қаласымен қатар Чжейцзян провинциясындағы 5 қалада (Нинбо, Вэньчжоу, Хучжоу, Шаосин, Цзиньхуа) орналасқан 54 кешенде өтеді.
Жеңіл атлетика құрлықтағы ең танымал спорт түрі болғалы тұр. Мұнда 43 елдің өкілі күш сынасады. Ал бокс, су спорт түрлері, нысана көздеу, ауыр атлетика, семсерлесу, киберспорт сынды 11 спортқа 30-дан астам елдің атлеті келуді жопарлап отыр. Ең көп адам жиналатын спорт түрі – футбол (300-ден астам).
Осы тұста 1951 жылы Дели қаласында өткен алғашқы Азия ойындарына 11 мемлекет 489 спортшы апарғанын тілге тиек ете кетейік.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: