02.10.2024 | 20:14
Бөлісу:
ДЕНИС НИКИША: «ЕРТЕҢГІ ЖАРЫС МЕН ҮШІН ОДАН ДА МАҢЫЗДЫ»
Астана қаласындағы «Сарыарқа» велотрегінде шорт-тректен Қазақстан чемпионаты басталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Бүгін 1500 метрге жарыста Ұлттық құрама көшбасшысы Денис Никиша күміс жүлдеге ие болды. Спортшы финалдан кейін Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сұхбат берді.
«Бүгінгі нәтижеме қатты көңілім толады. Мен спринтермін. Ал 1500 метрде күміс жүлде алу - мен үшін үлкен нәтиже. Бұл менің осы жазда көп жұмыс істегенімді, жақсы дайындалғанымды көрсетеді. Осылай 1500 метрден басқа қашықтықтарда да айтарлықтай көрсеткіштер бола жатады»,-деді Денис.
Сонымен қатар Никиша өзі маманданған 500 метрге жарысқа дайындығы жайлы тарқатып айтты.
«Әрине, мен 500 метрде жарысты күшейтуді ұмытқан емеспін. Алда көрсеткіштерімнің жақсара түскенін қалаймын. Иә, бүгін жүлде алып, Ұлттық құрамадағы орнымды дәлелдедім. Соған қарамастан, ертеңгі 500 метрге жарыста аянып қалмаймын. Мейілінше, жылдам жүгіруге тырысам. Бұл халықаралық жарыстар маусымы қарсаңында күшімді сынап көретін жақсы мүмкіндік»,-деп айтты әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
Ұлттық құрама 2024-2025 жылғы маусымда Әлем Кубогы жарыстарында, 4 құрлық чемпионаты, дүниежүзілік Универсиада, қысқы Азия ойындары, әлем чемпионаты секілді маңызды додаларда сынға түседі. Денис Никиша осы жарыстардың маңызына байланысты мынадай пікір білдірді.
«Біз үшін маусымдағы басты жарыстар – Азия ойындары мен әлем чемпионаты. Әлем Кубогы кезеңдерінде өз дайындығымызды сынап көру үшін жарысамыз. Былайша айтқанда, бағана айтқан маңызды жарыстарға өзімізді Әлем Кубогында сынап көреміз»,-деді Денис сұхбат кезінде.
Еске сала кетейік, Денис шорт-тректен әлем чемпионатында медаль жеңіп алған тұңғыш отандасымыз. Ол былтыр Нидерланд Корольдігінің Роттердам қаласында 500 метрге жарыста күміс жүлдегер атанған.
Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: