22.10.2024 | 23:43

ГРЕК-РИМ КҮРЕСІ: ЖҮЛДЕ АЛАТЫН МҮМКІНДІК БАҒЛАН ҚУАНЫШТА ҒАНА БАР

Албания астанасы Тиранадағы күрестен 23 жасқа дейінгі палуандар арасындағы әлем чемпионатының 2-жарыс күні аяқталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Бүгін бозкілемге грек-рим күресінен 5 салмақтағы спортшылар шықты. Ұлттық құрама спортшысы Ербол Камалиев (55 кг) ширек финалда үндістандық қарсыласынан айласын асыра алмады. Ал 1/8 айналымда Нұрсұлтан Базарбаев (63 кг) Арам Варданяннан (Армения), аса ауыр салмақтағы Асылбек Әбдіқалық грекиялық Николаос Нтунаистен ұтылып қалды.

Сосын Темірлан Қаратай (77 кг) қарсыласы Исмаил Барахоевқа (Бейтарап атлет) 1 ұпай айырмасымен жол берсе, Бағлан Қуаныш (87 кг) іріктеуде Нидерланд спортшысы Марсель Стекеленбургтің мықты екенін мойындады. Кешкі сессияда Марсель ақтық сынға шыққандықтан, отандасымыз ертең күндіз жұбаныш белдесуінде сынға түседі. Оның қарсыласы – түркиялық Самет Ялдыран. Жұбаныш кезеңі Астана уақытымен 13:30-да басталады. Одан кейін әйелдер 50, 55, 59, 68 бен 76 кг салмақта күш сынасады.

Еске сала кетейік, кеше бақ сынаған Досжан Өтепқалиев (60 кг), Дін-Мұхамед Қошқар (67 кг), Мерей Мәулетқанов (72 кг), Бейбіт Қорғанов (97 кг) пен Альмир Төлебаев (82 кг) жүлдеге қол жеткізе алған жоқ. Мұнда бүгінгі жұбаныш белдесуіне Бейбіт Қорғанов шығып, Германия палуанынан ұтылып қалды. 

Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес