11.08.2024 | 19:39
Бөлісу:
ҚАЗАҚСТАН ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНДА 7 МЕДАЛЬГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ
Бүгін Франция астанасында XXXIII жазғы Олимпиада аяқталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Қазақстан делегациясы 4 жылдықтың басты бәсекесінде 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлдемен 43-орын алды.
Алғашқы жарыс күні біз үшін өте сәтті басталды. Әуелі мергендеріміз араға 28 салып, тұғыр сатысына көтерілді. Пневматикалық винтовкамен 10 метрден аралас жұптық сында алғаш рет Олимпиадаға қатысып тұрған Ислам Сатпаев пен Александр Ле Германия командасынан басым түсіп, қола жүлдегер атанды.
Осыдан кейін дзюдодан 60 кг дейінгі салмақта көшбасшымыз Елдос Сметов қарсылас шақ келтірмей, ұзақ жылғы арманына қол жеткізді. Рио Олимпиадасында күміс, Токиода қола алған отандасымыз Парижде олимп шыңын бағындырды. Ол - дзюдодан Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ және ең олжалы татами шеберіміз. Осы күні тағы бір отандасымыз Абиба Абужақынова (48 кг) алғашқы Олимпиадасында үздік бестікті түйіндеді. Ол қола жүлде үшін белдесуде қарсыласына жол берді.
Ал екінші жарыс күні тәжірибелі Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) қола медаль жеңіп алып, жанкүйерлеріміздің қуанышын еселей түсті.
3 ТАМЫЗ – ЕЛІМІЗДІҢ СПОРТТЫҚ ГИМНАСТИКАСЫ ҮШІН ТАРИХИ КҮН!
3 тамызда Ұлттық құраманың 2 гимнасты финалда жүлдеге таласты. Милад Карими еркін жаттығуда Токиодағы ойындардағыдай ақтық сында 5-орыннан көрінді. Ал тұтқалы ат снарядында Нариман Курбанов алғашқы Олимпиадасында керемет нәтиже көрсетіп, күміс жүлдеге қол жеткізді. Нариман – жалпы гимнастикадан олимпия ойындарында медаль алған тұңғыш спортшымыз. Айта кетейік, Парижде Қазақстан алғаш рет гимнастиканың 3 түрінде (спорттық, батуттағы, көркем) жүлдеге қатар таласты.
7 ТАМЫЗ – ТӘЖІРИБЕЛІ ПАЛУАН МЕН БОКСШЫНЫҢ ЕҢБЕГІ АҚТАЛҒАН КҮН
Әлем чемпионатында 2 мәрте топ жарса да, алғашқы Олимпиадасына барған тәжірибелі боксшымыз Назым Қызайбай (50 кг) өз салмағында үздік үштікті түйіндеді. Назым қиын топқа түскеніне қарамастан, жартылай финалға жетіп, тартысты жекпе-жекте қытайлық қарсыласына жол берді.
Ал ойындардың 11-күні (6 тамызда) бозкілемге шыққан грек-рим күресінің палуаны Демеу Жадыраев (77 кг) жанкүйерлердің мақтауына лайық белдесті. Басты фаворит саналған қарсыластарын сенімді жыққан отандасымыз тек ертесіне финалда жапон атлетінен жеңілді. Ұзақ жылдан бері кәсіби спортта жүрген Назым мен Демеу үшін Париждегі медальдың орны ерекше.
8 ТАМЫЗДА ШАРШЫ АЛАҢҒА НҰРБЕК ОРАЛБАЙ ШЫҚТЫ
Қазақ жанкүйерлеріне 8 тамызға қараған түні шаршы алаң шебері Нұрбек Оралбай күміс медаль сыйлады. Осыған дейін жастар, ересектер арасында әлем чемпионы атанған атлетіміз білгенінен жаңылған жоқ. Тек финалда Токиода күміс алған Александр Хижнякпен жан алысып, жан беріскен айқаста 2-3 есебімен жеңілді.
Бокс – Олимпиадада елімізге ең көп алтын, жалпы ең көп жүлде алып келген спорт түрі. Парижде былғары қолғап шеберлерінің жүлде саны 26-ға жетті.
Сондай-ақ біздің спортшылар жүлде алмаса да мынадай көрсеткішімен есте қалды:
Әмір Маймұратов құзға өрмелеуден, Әмір Закиров брейкингтен ширек финалда өнер көрсеткен алғашқы спортшыларымыз.
Руслан Курбанов – семсерлесуден Олимпиаданың ширек финалында сынға түскен бірінші қазақстандық. Ол 1/8 кезеңде Токио Олимпиадасының чемпионы Ромен Каннонды ұтты.
Семсерлесуден Қазақстан ерлер команда алғаш рет Олимпиадаға қатысып, таңдаулы 12 елдің ішінде 6-сатыға тұрақтады.
Кирилл Герасименко Парижде 1/8 айналымға шығып, өзінің 3-ші Олимпиадасында көрсеткішін жақсарта түсті. Ол Риода бірінші кезеңнен өте алмаса, Токиода бір ойыннан кейін жарысты аяқтаған.
Қылыштасудан алғаш рет Олимпиадаға лицензия алған спортшымыз Айгерім Сарыбай 1/16 айналымға жетіп, Олимпиада жеңімпазына есе жіберді.
Айта кетейік, Париждегі жазғы Олимпиадада Қазақстан құрамасының 80 атлеті 25 спорт түрінен сынға түсті. Соның ішінде 54-і алғаш рет Олимпиадаға қатысты. Атлеттер саны жағынан еліміз жалпы есепте 38-орынға жайғасты.
XXXIII ойындардың жабылу рәсімі бүгін кешке «Стад де Франс» стадионында өтеді. Кеш барысында олимпия ойындарының туы келесі бәсекенің астанасы Лос-Анджелес қаласына табысталады.
Суреттер: Тұрар Қазанғапов, Сали Сабиров, Владислав Семенов.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: