03.10.2024 | 15:59
Бөлісу:
АЙБЕК НӘСЕН МЕН АЛИНА АЖҒАЛИЕВА 500 МЕТРГЕ ЖАРЫСТА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ
Елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде шорт-тректен Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Жарыстың екінші күнінде спортшылар спринтте (500 метр) жекелей сынға түсіп, әйелдер және ерлер командалық эстафетада өзара мықтыны анықтады.
Ерлер арасында 500 метрге жарыста Ұлттық құрама көшбасшыларымен қоса жас спортшылар сынға түсті. Тартысты финалда 20 жастағы Айбек Нәсен (Астана қаласы) аға буындағы қарсыластарынан асып түсіп, чемпион атанды. Күміс жүлдені Абзал Ажғалиев (Астана қаласы) еншілесе, Мерсаид Жақсыбаев (Ақмола облысы) үздік үштікті түйіндеді.
Әйелдер арасында қызық, әрі тарихи оқиға тіркелді. Бірден үш спортшыға қола жүлде табысталды. Халықаралық конькишілер одағының (ISU) жаңа ережесіне сәйкес, ұлттық чемпионаттар мен халықаралық жарыстардың финалында бірнеше спортшы пенальти алса, олардың бәріне үшінші орын беріледі.
Енді жекелей сынның «В» финалында 5-8 орынға таласқан спортшылар жүлделі орынға дейін көтеріле алмайды. Ондай мүмкіндік тек Олимпиада, Азия ойындары, Универсиада секілді үлкен жарыстарда ғана беріледі. Осылайша, 500 метрде Алина Ажғалиева (БҚО) чемпион атанса, Зейнеп Құмарқан (ШҚО) күміс жүлде еншілеп, Малика Ермек (Астана), Ольга Тихонова (Ақмола облысы), Яна Хан (Ақмола облысы) тұғырдың үшінші сатысына көтерілді.
Әйелдер эстафетасында (3000 м) Астана командасы топ жарды. Батыс Қазақстан облысы екінші орынға тұрақтап, Қостанай облысының қыздары қола еншіледі.
Ерлер арасындағы командалық жарыста (5000 м) Астана қаласының спортшылары тағы да чемпион атанса, Ақмола облысы күміс жүлдегер, Шымкент қаласының шорт-трекшілері қола жүлдегер атанды.
Ертең, 4 қазанда 1000 метр мен аралас командалық эстафетаның жеңімпаздары анықталады. Ал 5 қазанда бапкерлер мен төрешілер құрамы жалпы жиналыс өткізіп, іріктеуден сәтті өткен және әлемдік жарыстарға жолдама алған спортшылар тізімін жариялайды.
Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: