29.03.2024 | 15:46
Бөлісу:
Ел чемпионатында Әділ Ғалиахметов пен Малика Ермек жалпы есепте топ жарды
Астана қаласындағы «Алау» мұз сарайында шорт-тректен Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Көпсайыста ерлер арасында Әділ Ғалиахметов топ жарса (75 балл), әйелдер арасында Малика Ермек (102 ұпай) чемпион атанды.
Әділ 1500 метрге жарыс пен 5000 метр эстафетада 1-орын алды. Ал 500 метрге жарыста 7-ші, 1000 метрге жарыста 5-сатыдан көрінді. Жалпы есепте күміс медаль Нұртілек Қажығалидың (БҚО) еншісінде кетті. Қола Богдан Веховта (Астана қаласы).
Малика Ермек жекелей сында 500, 1000 және 1500 метр қашықтықта қарсылас шақ келтірген жоқ. Осының арқасында Астана қаласының спортшысы жеке-дара жеңіске жетті. Мұнда күміс жүлдеге Нұрия Алпысбай (Астана қаласы) ие болса, үздік үштікті Яна Хан (Ақмола облысы) түйіндеді.
Әйелдер эстафетасында (3000 м) Қостанай облысы жеңіске жетсе, Астана мен БҚО командасы қалған жүлдені өзара бөлісті. Ерлер арасында (5000 м) Астана қаласы алтыннан алқа тақса, Қостанай мен Қарағанды облысы үздік үштікті түйіндеді.
Ал аралас эстафетада (2000 м) Астана қаласының шорт-трекшілері топ жарды. Екінші орынды Ақмола облысы, 3-орынды БҚО командасы жеңіп алды.
Барлығы биылғы чемпионатқа 9 өңірден 81 шорт-трекші қатысты.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: