24.09.2024 | 12:01

ЕРБОЛ МЫРЗАБОСЫНОВ ШАХМАТ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІН ҚАРСЫ АЛДЫ

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Будапеште (Мажарстан) өткен 45-ші Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында тарихи нәтиже көрсетіп, күміс медаль жеңіп алған шахматтан еліміздің қыздар құрамасының және дүбірлі додаға қатысқан ерлер құрамасының спортшыларын Астана әуежайынан қарсы алды.

Ербол Мырзабосынов шахматшыларды айтулы жеңісімен құттықтап, олардың жетістігін жоғары бағалады. Сондай-ақ Министр бұл жеңіс Қазақстандағы шахматтың қарқынды дамуының айқын көрінісі екенін, Мемлекет басшысы елімізде шахматты дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын жеткізді.

«Шахмат олимпиадасында екінші орын иеленген қыздар құрамасын тарихи жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл жеңіс Қазақстандағы шахматтың қарқынды дамуының айқын көрінісі деп білемін. Бүгінгі таңда елімізде 7 мыңнан астам шахмат секциясы жұмыс істейді, ал бұл спортпен айналысатындардың саны 200 мыңнан асады. Қыздар құрамасы шахмат олимпиадасына басты фавориттердің бірі ретінде қатысты. Соған лайық өнер көрсетті. Олар Қазақстан шахматының деңгейі жоғары, болашағы жарқын екенін бар әлемге паш етті. Осы орайда шахматшыларды дайындаған жаттықтырушыларға, қолдау көрсеткен барша жанкүйерге, спортшылардың ата-аналарына алғысымды айтамын», – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Айта кетейік, Қазақстан әйелдер құрамасы соңғы турда АҚШ-пен тең түсіп (2-2), 18 ұпай жинады. Ұлттық құрама сапында ел намысын Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Әмина Қайырбекова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман қорғады.

Бүкіләлемдік шахмат Олимпиадасы екі жылда бір рет ұйымдастырылады. Осыған дейінгі доданы Үндістанның Ченнай қаласы қабылдап, Қазақстан арулары (Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік, Гүлісхан Нахбаева, Ксения Балабаева, Назерке Нұрғали) 352 ұпаймен үздік бестікті түйіндеген.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес