23.10.2024 | 21:39
Бөлісу:
ЛАУРА ҒАНИҚЫЗЫ МЕН АЛИНА ЕРТӨСТІК СЕНСАЦИЯ ЖАСАП, ҚОЛА МЕДАЛЬ АЛА МА?
Бүгін Албания астанасы Тиранада өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі палуандар арасындағы әлем чемпионатында әйелдер күресінен бәсеке басталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Күннің нәтижесінен кейін біздің спортшылардан Лаура Ғаниқызы (50 кг) мен Алина Ертөстік (76 кг) ертең үздік үштікке кіру үшін таласатыны белгілі болды.
Командадағы жас палуанның бірі Лаура (19 жаста) словакиялық Кристина Басичпен (21 жаста) белдеседі. Мұнда басым түскені былтыр осы қалада әлем чемпионы атанған жапониялық Уми Итомен қола жүлдені сарапқа салады.
Ал Алина жұбаныш кезеңінде биыл көктемде осы жас санатында Еуропа чемпионы атанған украиналық Мария Орлевичпен кім мықтыны анықтайды. Егер жеңсе, бағана жартылай финалда жолы болмаған Нодока Ямамотоға қарсы шығады. Еске сала кетейік, 22 жастағы жапон спортшысы былтыр осында әлем чемпионатының қола медалі үшін күресіп, жеңіліп қалған.
«Барлық спортшымыздың жеребесі оңай түскен жоқ. Қарсыластардың бәрі жақсы дайындалып келген. Бағана жапониялықпен күрескен Гүлдана Бекешке, Бейбіт Сейдуалы бірнеше ұпай айырмасымен қарсыласынан жеңілді. Ертең қалған салмақтағы спортшыларымыз бар. Тағы Лаура мен Алина қола жүлдеге таласады. Екеуінің де жүлде алатын бар мүмкіндігі зор. Қазір бапкерлермен қарсыластарына дайындалып жатыр»,-деп айтты әйелдер құрамасының аға жаттықтырушысы Қуаныш Жақсыбай Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Сондай-ақ ертең әйелдер 53, 57, 62, 65 және 72 кг дейінгі салмақта жарысты бастайды.
Еске сала кетейік, былтыр Тиранда өткен әлем чемпионатында (U23) Қазақстан әйелдер құрамасы 2 қола медаль алған. Медаль иегерлері: Алтын Шағаева (53 кг) мен Ирина Кузнецова (62 кг).
Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықЖӘМИЛА БАҚБЕРГЕНОВА – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ 4 ДҮРКІН ЖҮЛДЕГЕРІ
ЖӘМИЛӘ БАҚБЕРГЕНОВА 3-РЕТ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ФИНАЛЫНА ШЫҚТЫ
ЗЕЙНЕП БАЯНОВА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА 5-ОРЫНҒА ТҰРАҚТАДЫ