22.09.2024 | 19:15

ТАРИХИ НӘТИЖЕ! ШАХМАТШЫЛАР ОЛИМПИАДАДА АЛҒАШ РЕТ ЖҮЛДЕ АЛДЫ

Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы Мажарстан астанасы Будапеште өтіп жатқан 45-ші Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Біздің команда соңғы турда АҚШ-пен 2-2 есебімен тең түсіп, 18 ұпай жинады. Ал Олимпиаданың фавориті Үндістан әйелдер мен ерлер арасындағы жарыста алтыннан алқа тақты.

Әйелдер құрамасында Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Әмина Қайырбекова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман сынға түсті. Олимпиадада 1-2 орын алған ойыншыларға «Еңбек сіңірген спорт шебері» атағы беріледі.

Айта кетейік, бүкіләлемдік шахмат Олимпиадасы 2 жылда бір өтеді. Осыған дейінгі доданы Үндістанның Ченнай қаласы қабылдаған. Сол кезде Қазақстан әйелдер командасы (Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік, Гүлісхан Нахбаева, Ксения Балабаева, Назерке Нұрғали) 352 ұпаймен үздік бестікті түйіндеді. Жансая Әбдімәлік 1-тақта бойынша қола жүлдегер атанған. Бұл осыған дейінгі ең үздік көрсеткіш болған.

Статистика:

Әйелдер құрамасы 6-орын (2014 жылы Норвегия)

Әйелдер құрамасы 8-орын (1996 жылы Армения)

Әйелдер құрамасы 11-орын (1994 жылы Мәскеу)

Әйелдер құрамасы 8-орын (1992 жылы Филиппин)

Анықтама:

Олимпиада 9 раундтан тұратын швейцариялық ашық турнир форматында өтеді. Уақытты бақылау 40 жүріс үшін 90 минут, содан кейін ойынның қалған бөлігіне 30 минут беріледі. Бұл кезде бірінші жүрістен кейін келесісіне 30 секунд беріледі.

Фото: ФИДЕ.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес